
МЕРДІГЕРЛЕРДІҢ ҚАШЫҚТАН ҚОЛ ЖЕТКІЗУІ: КӘСІПОРЫН ҚАЙ ЖЕРДЕ БАҚЫЛАУДЫ ЖОҒАЛТАДЫ?
Мердігер жұмысты аяқтағаннан кейін де жүйеге кіру құқығы сақталуы мүмкін. Қашықтан қол жеткізуді бақылау және қауіпсіздік тәуекелдерін азайту жолдарын қарастырамыз.
Мынадай жағдайды елестетіп көрейік: мердігер баптау жұмыстарын аяқтады, жабдық жұмыс істеп тұр, өтінім жабылды. Ал есептік жазба белсенді күйінде қалды. Бірнеше ай өтсе де, сол жазба арқылы жүйеге қосылуға болады.
iQ-Solutions компаниясының киберқауіпсіздікке арналған сараптамалық айдарын жалғастырамыз. Бұл жолы уақытша берілген қол жеткізу құқығы жұмыс аяқталғаннан кейін неліктен сақталатынын және қашықтан қолдау қызметін пайдаланатын кәсіпорындар нені тексеруі керектігін қарастырамыз.
Мұның себебі күнделікті жұмыстағы қарапайым жағдай болуы мүмкін. Сервистік қызмет жұмыс нәтижесін қабылдап, өтінімді жапты. Ал есептік жазбаны бұғаттауға әкімші жауапты. Оған жұмыс аяқталғаны туралы хабарлама түспеді. Нәтижесінде жұмыс аяқталғанымен, жүйеге қосылу мүмкіндігі сақталды, себебі бұл екі әрекет бір үдеріске біріктірілмеген.
Мұндай олқылықты байқамай қалу оңай. Сондықтан қол жеткізу құқығын берген кезде оның мерзімін және оны жабуға жауапты адамды бірден анықтау маңызды. Бір реттік баптау үшін қол жеткізуді келісілген мерзіммен шектеуге болады. Егер мердігер жүйеге тұрақты қолдау көрсетсе, оның құқықтарын ағымдағы міндеттер мен команда құрамына қарай қайта қарап отыру қажет. Мысалы, ұйыммен жасалған шарт күшінде қалса да, маман басқа жобаға ауысуы немесе жұмыстан шығуы мүмкін.
Келесі сұрақ - маманға нақты қандай әрекеттерді орындауға рұқсат берілгені. Бір сервердің журналдарын көру үшін оған желінің бүкіл сегментін басқару құқығы қажет емес. Алайда өтінімде келісілген және іс жүзінде берілген құқықтар әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан оларды салыстырып тексерген жөн.
Жұмыстың кімнің есептік жазбасы арқылы орындалатыны да маңызды. Бірнеше маман ортақ логинді пайдаланса, журналда жүйеге қосылу тіркеледі, бірақ нақты қай маман жұмыс істегенін анықтау қиындайды. Әр қызметкерге жеке есептік жазба беру әрекеттерді нақты пайдаланушымен байланыстыруға көмектеседі. Көпфакторлы аутентификация ұрланған пароль арқылы кіруді қиындатады, бірақ артық берілген құқықтар мәселесін шешпейді.
Мердігер пайдаланатын құрылғыға да назар аудару қажет. Жүйеге қоспас бұрын жұмысты қай компьютерлерден орындауға болатынын және олардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі қалай тексерілетінін анықтау керек. Есептік жазба дұрыс бапталғанның өзінде, зиянды бағдарламамен зақымдалған немесе жоғалған ноутбукке байланысты тәуекелдер сақталады.
«Бізде барлығы VPN арқылы жүзеге асады» деген жауап мәселенің бір бөлігін ғана қамтиды. VPN қосылымды қорғайды. Ал пайдаланушыға қолжетімді ресурстар, рұқсат етілген әрекеттер және қосылу мерзімі бөлек анықталады.
Журналдармен де жағдай ұқсас. Сағат 14:05-те жүйеге кіргені туралы жазба пайдаланушының қосылғанын растайды, бірақ конфигурацияға қандай өзгеріс енгізілгенін көрсетпейді. Егер қызмет көрсетілгеннен кейін ақау туындаса, оны тексеру үшін мақсатты жүйенің деректері, өзгерістер тарихы, ал кейде сеанс жазбасы қажет болады. Жұмыс барысын қалпына келтіруге сақталатын деректердің жеткілікті екенін және оларды кім талдайтынын алдын ала анықтаған жөн.
Өндірістік желіде технологиялық ерекшеліктерді де ескеру қажет. Баптауларды өзгерту жабдыққа әсер етуі мүмкін болғандықтан, қашықтан орындалатын жұмыстың уақыты мен көлемі пайдалану қызметіне жауапты мамандармен келісіледі. Қол жеткізуді тоқтату тәртібін де алдын ала ойластыру керек. Сеансты кім тоқтата алады? Түнде кімге хабарласу қажет? Егер сол сәтте конфигурация жаңартылып жатса, кезекші команда жұмысты үзудің салдарын түсініп, келісілген тәртіп бойынша әрекет етуі тиіс.
Алғашқы тексеру үшін барлық қосылымды бірден қарастыру міндетті емес. Аяқталған бір өтінімді алып, келісілген және қолданыстағы құқықтарды салыстырыңыз, сеанстар тарихын тексеріңіз және жұмыс қабылданғаннан кейін қол жеткізу құқығына не болғанын анықтаңыз. Ол жабылды ма? Әлде кейінгі қолдау үшін жауапты адам мен қайта қарау күні көрсетіліп сақталды ма?
Мұндай тексерудің нәтижесі нақты болуы керек. Мысалы, жұмыс аяқталғаны туралы хабарлама әкімшіге жетпеген, қол жеткізу мерзімі көрсетілмеген немесе жобаға қатыспайтын қызметкердің жүйеге кіру құқығы сақталған. Анықталған әрбір олқылық бойынша үдерісте нені өзгерту керектігін және оған кім жауап беретінін белгілеу қажет.
Жұмыс нәтижесін қабылдау мен қол жеткізу құқығын жабу өзара байланысты болуы тиіс. Сонда кәсіпорын қашықтан қолдау қызметін пайдалана отырып, кезекті тапсырма аяқталғаннан кейін жүйелеріне кімнің қосылуға құқығы бар екенін нақты біле алады.

