
КӘСІПОРЫННЫҢ IT-АРХИТЕКТУРАСЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІ ЕНГІЗУГЕ ДАЙЫН БА?
Кәсіпорынның IT-архитектурасы жасанды интеллектіні енгізуге дайын ба? Жүйелерді интеграциялау, деректер сапасы, ақпараттық қауіпсіздік және AI-агенттерге қойылатын негізгі талаптарды қарастырамыз.
Ірі компаниялардағы IT-басшылардың 61%-ы алдағы үш жылда корпоративтік IT-архитектура елеулі түрде қайта қаралады деп күтеді. Бұл туралы Accenture компаниясының 2026 жылғы қарашадағы CIO Pulse зерттеуінде айтылған. Жасанды интеллектінің дамуы бизнесті ақпараттық жүйелердің өзара әрекеттесу, деректерді басқару және технологиялық инфрақұрылымды құру қағидаларын қайта қарауға итермелейді.
Кәсіпорындар сұранысты болжау, қорларды басқару, өндірісті оңтайландыру және корпоративтік процестерді автоматтандыру үшін ЖИ мүмкіндіктерін зерттеп жатыр. Алайда заманауи AI-платформаны енгізудің өзі нәтижеге кепілдік бермейді.
Себептердің бірі қолданыстағы IT-архитектураға байланысты. Корпоративтік жүйелер әр уақытта, әртүрлі міндеттер үшін жасалған және олардың арасында толық ақпарат алмасу мүмкіндігі әрдайым қарастырылмаған. Деректер бытыраңқы күйінде қалса, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері шектеледі.
ЖИ ДАМУЫ НЕЛІКТЕН IT-АРХИТЕКТУРАНЫ ҚАЙТА ҚАРАУДЫ ТАЛАП ЕТЕДІ
Халықаралық консалтингтік және технологиялық Accenture компаниясы қарашадағы CIO Pulse зерттеуінде 16 ел мен 19 саладан 300 IT-басшыға сауалнама жүргізді. Олар жылдық жаһандық түсімі 1 млрд АҚШ долларынан асатын компаниялардың өкілдері болды.
Респонденттердің 61%-ы алдағы үш жылда корпоративтік IT-архитектура елеулі өзгеріске ұшырайды немесе толық қайта қаралады деп күтеді. Ал AI-агенттер архитектурасын ағымдағы өзгерістер жоспарына енгізгендердің үлесі небәрі 27% болды.
Бұл көрсеткіштер мынадай сұрақ туындатады: қазіргі жаңғырту жоспарларында AI-агенттерге қатысты болашақ жобалардың талаптары ескерілген бе? Жоспарда агенттер архитектурасының болмауы компания оларды енгізуге дайын емес дегенді білдірмейді: мұндай жобалар кейінгі кезеңге жоспарлануы мүмкін.
Кәсіпорынның дәстүрлі IT-архитектурасы әдетте жекелеген жүйелер мен бизнес-функциялар төңірегінде құрылатын. ERP ресурстарды басқаруға жауап береді, CRM клиенттермен өзара әрекеттесуді қолдайды, MES өндірістік операцияларды басқарады, ал SCADA технологиялық процестерді бақылау және басқару үшін қолданылады.
Әр жүйе өз міндетін атқарады. Бірақ жасанды интеллектінің жұмыс істеуі үшін көбіне бірнеше дереккөзден бір мезгілде ақпарат қажет болады.
Мысалы, материалдарға қажеттілікті болжау үшін өндірістік жоспарларды, қоймадағы ағымдағы қалдықтарды, жеткізушілерге берілген ашық тапсырыстарды және ресурстардың нақты тұтынылуын ескеру керек. Егер бұл мәліметтер бөлек сақталса, форматтары әртүрлі болса немесе кешігіп жаңартылса, болжамның сапасы төмендеуі мүмкін.
ПРАКТИКАЛЫҚ МЫСАЛ: ӨНДІРІСТІК ҚОРЛАРДЫ БАСҚАРУДАҒЫ ЖИ
Сатып алуды дәлірек жоспарлап, артық қорларды қысқартқысы келетін шартты өндірістік кәсіпорынды қарастырайық.
Қажеттілікті есептеу үшін қоймада қанша материал қалғанын білу жеткіліксіз. Өндірістік жоспарды, нақты тұтынуды, берілген тапсырыстарды және күтілетін жеткізілімдерді де ескеру қажет. Бұл мәліметтер әртүрлі жүйелерде сақталады.
Мысалы, ERP жүйесінде материал бір кодпен, ал қойма жүйесінде басқа кодпен тіркелген делік. Анықтамалық деректерді сәйкестендірмесе, талдау жүйесі қолда бар қалдықты есепке алмай, сатып алу қажеттілігін асыра бағалауы мүмкін. Егер тұтыну деректері кешігіп түссе, болжам ескірген ақпаратқа сүйенеді.
Сондықтан дайындық дереккөздерді тексеруден басталады: қажетті ақпарат қайда сақталады, қаншалықты жиі жаңартылады, әртүрлі жүйелердегі жазбалар қалай байланысады және олардың дұрыстығына кім жауап береді? Содан кейін мамандар анықтамалықтарды сәйкестендіріп, деректер алмасуды баптайды және мәліметтердің толықтығын тексереді.
Кейде қолданыстағы интеграцияларды жетілдіру жеткілікті. Ал қажетті тарихи деректер сақталмаса немесе жүйелер талап етілетін деректер алмасуды қолдамаса, ақпаратты жинау және сақтау тәсілін өзгерту қажет болады.
IT-АРХИТЕКТУРАНЫҢ ҚАНДАЙ ЭЛЕМЕНТТЕРІ ЖИ ҮШІН ЕРЕКШЕ МАҢЫЗДЫ
Корпоративтік жүйелерді интеграциялау
Заманауи кәсіпорында ондаған ақпараттық шешім қолданылуы мүмкін. Бірақ көптеген процестің автоматтандырылуы жүйелердің деректермен тиімді алмаса алатынын білдірмейді.
ЖИ деректерді таңдалған міндетке қажетті жиілікпен алуға тиіс. Сатып алуды мерзімді жоспарлау мен өндірісті жедел талдаудың талаптары әртүрлі болады.
Жүйелер ақпаратты қалай беретінін, алмасу үзілгенде не болатынын және мамандар қате туралы қалай білетінін тексеру қажет. Сондай-ақ деректің қайдан алынғанын және қашан жаңартылғанын анықтау мүмкіндігі сақталуы керек.
Деректердің сапасы мен сәйкестігі
Жүйеге техникалық қосылу оның деректерін автоматты түрде талдауға жарамды етпейді. Қайталанатын жазбалар, әртүрлі өлшем бірліктері, тарихи деректердегі олқылықтар және сәйкес келмейтін уақыт белгілері есептеулерді бұрмалауы мүмкін.
Әр дереккөз үшін тексеру қағидалары және қателерді түзетуге жауапты маман қажет. Әйтпесе команда деректерді қолмен тазалауға қайта-қайта оралады.
Икемділік және ауқымын кеңейту мүмкіндігі
Алғашқы жобадан кейін компания ЖИ-ді басқа бөлімшелерде немесе қосымша өндірістік алаңдарда қолданғысы келуі мүмкін. Әр интеграция тек бір міндетке арналып жасалса, ауқымды кеңейту қосымша жетілдіруді талап етеді.
Жобалау кезінде қандай қосылымдарды, анықтамалықтарды және бақылау тетіктерін қайта пайдалануға болатынын анықтау керек. Модульдік тәсіл, стандартталған интерфейстер және компоненттерді қайта пайдалану бір міндетке арналған интеграцияларға тәуелділікті азайтуға көмектеседі.
Бұл ретте инфрақұрылымның ауқымы кәсіпорынның нақты жоспарларына сай болуы қажет.
Ақпараттық қауіпсіздік
AI-агенттерді енгізгенде қосымша сұрақ туындайды: жүйе қандай әрекеттерді өз бетінше орындай алады?
ЖИ қалдықтарды талдап, тапсырыс беруді ұсынуы мүмкін. Ал агентке ERP жүйесінде құжаттар жасауға, деректерді өзгертуге немесе операцияларды бастауға рұқсат берілуі мүмкін.
Екінші жағдайда қол жеткізу құқықтарын шектеу, әрекеттерді журналға тіркеу, келісу тетіктері және қате операцияларды тоқтату мүмкіндігі қажет.
Өндірістік жүйелермен интеграцияларды ерекше мұқият жобалау керек. Талдау шешімдерінің технологиялық деректерге қол жеткізуі өнеркәсіптік инфрақұрылымның қауіпсіздігі мен орнықтылығына қойылатын талаптарды ескеруге тиіс.
AI-АГЕНТТЕР ҮШІН ҚОСЫМША НЕ ҚАЖЕТ
Болжамдық модель материалдарға қажеттілікті есептейді. AI-агент осы есепті пайдаланып, ERP жүйесінде өтінім дайындап, оны қызметкерге келісуге жібере алады. Сондықтан деректер сапасы мен интеграциялардан бөлек, орындалатын операцияларды бақылауды да қарастыру қажет.
Мұндай сценарий үшін агент әрекеттерінің ретін, рұқсат етілген операцияларды және тапсырманың орындалу барысы туралы ақпаратты сақтау тәсілін анықтау керек.
CIO Pulse зерттеуінде Accenture жалпы IT-жаңғырту барысында агенттер архитектурасының үш компонентін қарастыруды ұсынады:
- Оркестрация - агент әрекеттерінің ретін және оның корпоративтік жүйелермен өзара әрекеттесуін анықтайды.
- Қол жеткізуді басқару - агент жұмыс істей алатын деректер мен операцияларды шектейді.
- Жад және контекст - тапсырманың орындалу барысы, аяқталған әрекеттер және процестің күйі туралы мәліметтерді сақтайды.
Мысалы, сатып алуға өтінім дайындау кезінде агенттің жұмысы үзілсе, оны қайта іске қосқанда құжаттың жасалып қойғанын тексеру қажет. Мұндай тексерусіз агент қайталама өтінім жасауы мүмкін.
Accenture бағалауынша, бұл компоненттерді архитектуралық өзгерістер барысында қарастыру оларды кейін қосудан әлдеқайда арзан. Егер компания агенттерді енгізуді жоспарласа, осы талаптарды ағымдағы жаңғырту жобасына енгізген жөн.
БҮКІЛ IT-АРХИТЕКТУРАНЫ ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ ПЕ
Өзгерістердің көлемі міндетке және қолданыстағы жүйелердің күйіне байланысты. Сатып алуды талдау үшін ERP мен қойма есебі арасында деректер алмасуды реттеу, анықтамалықтарды сәйкестендіру және деректерді тексеруді ұйымдастыру жеткілікті болуы мүмкін. Бірнеше өндірістік алаңда жұмыс істеу немесе AI-агенттердің операцияларды орындауы қосымша компоненттерді қажет етуі ықтимал.
Архитектураны тексеру платформа таңдалмай тұрып осы көлемді анықтауға көмектеседі. Команда жүйелерді, дереккөздерді және шектеулерді зерттеп, таңдалған сценарийге сай өзгерістер жоспарын жасайды. Бұл жұмыстардың құнын бизнес үшін күтілетін нәтижемен салыстыру қажет.
Жобаны бастар алдындағы бес сұрақ
1. Қандай міндетті шешеміз? Қай процесс өзгеруге тиіс және нәтиже қандай көрсеткіштермен өлшенеді?
2. Қандай деректер қажет? Олар қайда сақталады, тарихи деректер жеткілікті ме және олардың сапасына кім жауап береді?
3. Деректер алмасу қалай ұйымдастырылған? Шешім деректерді қажетті жиілікпен ала ма және алмасу үзілсе не болады?
4. ЖИ-ге не істеуге рұқсат етілген? Жүйеге қандай операциялар қолжетімді, қайсысы келісуді қажет етеді және әрекеттер қалай тексеріледі?
5. Шешімнің ауқымын қалай кеңейтеміз? Қандай компоненттерді басқа міндеттер мен бөлімшелер үшін пайдалануға болады?
Жауаптар кәсіпорынның қандай жүйелер мен деректерді қазір пайдалана алатынын, қандай жетілдіру қажет екенін және жоба бюджетіне не енгізілуге тиіс екенін анықтауға көмектеседі. Мұндай бағалау инфрақұрылымды дайындау шығындарын ЖИ енгізуден күтілетін нәтижемен салыстыруға мүмкіндік береді.


